2025 жылғы 26 тамызда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында жүректің өткізгіш жүйесін физиологиялық стимуляциялау бойынша халықаралық деңгейдегі шеберлік сабағы өтті.
Шараға Польша (Вроцлав) қаласынан келген танымал кардиолог, профессор Яцек Гаек және Жүрек ырғағы орталығының жетекшісі, профессор Әбдірахманов Аян Сүлейменұлы қатысты.
Шеберлік сабағы барысында төрт пациентке физиологиялық стимуляция әдісімен операция жасалып, барлығы жақсы нәтижемен аяқталды.
Бұл – заманауи аритмологияда дәлдік пен тәжірибені талап ететін жоғары технологиялық тәсілдердің бірі.
Іс-шараға басқа клиникалардан келген аритмолог-дәрігерлер, сондай-ақ Астана медицина университетінің кардиология резиденттері қатысты.
Сонымен қатар, профессор Яцек Гаек Гис шоғырының сол жақ тармағын стимуляциялаудың жаңа әдістері мен ғылыми бағыттары туралы мазмұнды және өзекті дәріс оқыды.
Мұндай форматтағы кәсіби кездесулер – отандық медицинаның даму бағытын нығайтып, халықаралық тәжірибемен тығыз ықпалдасуға жол ашады.