Ескелді ауданының жедел жәрдем бригадасы — фельдшерлер Ерғазы Ғабит, Рахимова Дамира және жүргізуші Сатеков Мұрат шақырудан қайтып келе жатқанда тұрғын үйден шыққан түтін мен жалынды байқайды.
Олар бір сәтке де ойланбастан көлікті тоқтатып, әрекетке көшті. Үйдің терезелері мен есіктері түгел жабық, іштен ешқандай реакция болмаған. Жүргізуші сирена мен жарық сигналдарын қосып, фельдшерлер терезелер мен есіктерді қағып, тұрғындарды оятуға тырысты.
Олардың жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында 7 адам — 5 ересек және 2 бала, соның ішінде бір нәресте — аман-есен құтқарылды. Медициналық қызметкерлер тұрғындарға қажетті құжаттарын жинауға көмектесіп, оларды қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем көлігіне отырғызды.
Өкінішке орай, үй толығымен жанып кеткен. Алайда ең бастысы — бірде-бір адам зардап шеккен жоқ. Оқиға туралы кезекші дәрігерге дереу хабар берілді.
Біздің әріптестеріміздің бұл әрекеті — батылдықтың, кәсібиліктің және жанашырлықтың жарқын үлгісі. Жетісу облысының жедел жәрдем бригадасымен мақтанамыз!