2025 жылғы 29 қазанда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай Ашық есік күні өтті.
Іс-шараның ұйымдастырушылары – Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мен Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қолдауымен өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – халықтың инсульттің қауіп факторлары мен оның алдын алу тәсілдері туралы хабардарлығын арттыру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Бағдарлама аясында тегін экспресс-диагностика, қан құрамындағы холестерин мен глюкоза деңгейін және артериялық қысымды өлшеу, инсульт қаупін бағалау, сондай-ақ невропатолог, терапевт, кардиолог және салауатты өмір салты бойынша мамандардың кеңестері ұсынылды. Сонымен қатар, инсульттің қауіп факторлары мен салауатты өмір салты қағидаттары туралы ақпараттық материалдар таратылды.